КЕЛІНШЕКТАУ...
Созақ - көне қоныс, құтты мекен ғой..
Əр жырасы, əр тауы бір тарих. Бала кезден құлағымызға сіңіп қалған бір аңызды жазғым келген еді.
Созаққа үнемі жолым түсе бермейді. Көлікте бара жатып осы жолы Келіншектауды суретке түсірдім..Жақыннан ала алмасамда анықтап қарасаңыз шөккен түйелер мен келіншектің сұлбасы анық байқалады..
Көнекөз қарттардың айтуы бойынша, Арқада мыңғырған мал айдаған бір байдың жалғыз қызы болған екен..
Күнгейдің дəл өзіндей бір байымен "бесік құда" болған деседі.
Қыз бойжеткен соң айттырған жердің жігітіне разы болмаған.
Қыз əкесі үшін , уəдеден қайту өліммен тең.
Қызды басқа біреумен қашып кете ме əлде бірнəрсеге ұрынама деп алаңдаған ата- анасы, құдаларына қыздың тойын жасауға ұсыныс тастайды..
Ерке қыз тұрмысқа шықпаймын деп айтуға əке-шешеден қаймығады. Бірақ, өкпе- ренішін қойған шарттарымен білдіреді.
Жасау- жабдығым, ыдыс- табағым алтыннан болсын десе керек..
Əкесі жиған- тергенін абыройы үшін қыздың жасауына жұмсайды..Белгіленген күні отыз түйеге жасауын артып, қыздың астына құйрық- жалы жер сызған ақбоз ат мінгізіп, құлы мен күңдерін қоса ертіп шығарып салу үшін жолға шығады..Таудан асып түсер жерде тұманың басына көш аялдап, шығарып салушылар кері қайтуға қамданады..
Əкесі қызымен қоштасып тұрып, "ал, қызым. .дегеніңді орындадым маған риза шығарсың, əлде көкейіңде айтылмай қалған арманың бар ма" деген екен.
Сонда, ұзатылып бара жатқан қыз "əке, бəріне де ризамын..тек итаяғым алтыннан болмады" деп мұңайыпты.
Қызы үшін барлық дүниесін сарп еткен əке, ашудан жарылардай болып, " не деген тойымсыз тасжүрек едің..тас болғыр" деп теріс бұрылып кетеді..
Атқа қонып жатып, ренжісе де перзентіне соңғы рет бұрылып қараған əке өкініштен аттан құлап түсті дейді..
Желегі желбіреп əкесінің соңынан ұмтыла берген қыз да, көш те бір мезетте-ақ тасқа айналған екен...
"Ана қарғысы- боқ , Əке қарғысы - оқ" деген осы шығар, сірə.!
Содан бері, қанша ғасыр өтсе де Келіншектау сол мұңлы күйінде мұнарланып тұр Теріскейдің төсінде..
МЕХНАТ ТЕМІРТАСҚЫЗЫ ДҮНИЙ